Аталар жүрген соқпақпен (Cапарнама жазбалары)

Біздің жолымыз тағы да көршілес Өзбекстан жеріндегі Хиуа қаласына түсті. Хиуа...Сонау ықылым заманнан бері аяғын үзеңгіге салып дүниенің төрт бұрышын кезбесе көңілі тыншымайтын жиһанкездің де, бір мілләттің жерінен екіншісіне барып айырбас сауда жасамаса ішкені бойына дарымайтын саудагердің де, көрерге көз керек әсем қалаларды жермен жексен етіп, бейкүнә жандардың тағдырын қайқы қылыштың жүзіне тапсыратын қанды қол басқыншының да талай рет болған жері. Дәурені жүріп гүлденуді де, қатыгез тағдырдың қаһарына ілініп құлдырауды да басынан өткізген қала.

        Бұдан ондаған ғасыр бұрын өткен саяхатшылардың жазба деректеріне сүйенсек, Хорезм мемлекетінің құрылып, даму кезеңдерін тарих қатпарларында қалған мыңдаған жылдарға созуға болады екен. Арғы тегі Ираннан шыққан Құтбедин Мұхаммед (1127 жылға дейін) кезінде Арал теңізінің түстігіндегі шағын мемлекет, оның баласы Атсыз (1127-1156) тұсында бүкіл Үстірт, Маңғыстауды қол астына түгел қаратыпты. Ал Атсыздың баласы Иль-Арслан кезінде (1156-1172) бұл территория Каспий теңізінің оңтүстігіне дейін, кәзіргі түрікмен жерін өзіне қосты. Атсыздың немересі Текеш әкеден қалған мұраны Бұқара, Гератқа дейін қосып, Иран жерін бағындырады. Сол Текештен туған Мұхаммед II кезінде Хорезм мемлекеті Қос өзен, Парсы шығанағына дейін созылған, дәурені жүрген атақты мемлекет болды.

                Ал, археологтарға сөз тізгінін берсең болды, Хиуа қаласының тым ертеде, б.з. бұрынғы VI-V ғасырларда пайда болғанын айтады. Олар сол замандардағы қала аты Хиуа емес, Хейвак болған, бұл атау қаланың ортасындағы ескі құдыққа байланысты қойылған деседі. Қалай болғанда да бұл қаланың тарихы әйтеуір тым әріден басталады. Х ғасырда халиф Мамун ибн Мұхаммед билігін жүргізеді. Бұл кез Хиуа қаласының мәдени және экономикалық даму, гүлдену дәуірі болды. Халиф Мамун осында «Мамун академиясын» ашып, оның басшылығына Әл-Хорезмиді басшы қылып тағайындайды. Бұл академияда сонымен қатар Әл-Бируни, Әбу Әли Ибн Сина (Авиценна) сияқты ғұлама адамдар жұмыс жасайды. Ғалымдардың айтуы бойынша астрология ілімінің негізі де осы жерде қаланыпты.

              Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ екен. Аузын айға білеген мемлекет те, керек болса дүниенің астын үстіне шығарып төңкере салатын талай хандар да өмірден өтті. Бірі құдайдың жіберген ажалынан өлсе, көбі қастандықтың құрбаны болды. Хиуаға билігін жүргізген 56 ханның өмірі осының дәлелі. Ат арытып алыстан келген талай адамдарды өзінің қайталанбас архитектурасымен табындырған, Орта Азиядағы білім мен мәдениеттің орталығы болған Хорезм мемлекеті XIII ғасырда монғол шапқыншылығынан кейін құлазып қалды. Өйткені мемлекеттің астанасы Хиуа қаласы қарақұрттай қаптап келе жатқан жаудың жолындағы алынбас қамал болатын. Қаланы аралап жүріп аяғыңның астындағы топыраққа араласып кеткен, туған қаласын жат жұрттықтардан қорғау жолында қанша мыңдаған адамдар жатқанын бір құдай ғана білетін шығар деп ойлайсың. Бірақ Хиуа жер бетіндегі үйіндіге айналмай уақыт сынына төтеп беріпті. Талай өртті, аяусыз қиратуды талай рет басынан өткізсе де күл болып шөгіп қалмай, қайтадан бой көтерді, қалпына келтіріліп отырылды. Бірақ бұрынғы орнынан қозғалмай жаңартылып салынды. Пайдаға аспас ескісінің орнына небір керемет құрылыстар бой көтерді. Соған байланысты кәзіргі Хиуадағы көздің жауын алатын архитектуралық ансамбльдердің көбі  XVII-XIX ғасырларға жатады. Ал одан бұрынғы құрылыстардың іздері қала астындағы мәдени қабаттарда жатқаны айтпаса да түсінікті.

Хиуа қаласын дүние жүзіне «Хорезм архитектурасы» атымен белгілі тастан түйін түйген талай шеберлердің мұраларын бір ортаға тоғыстырған мұражай десе де болады. Бұлардың ортасында асқан шеберлікпен өңделген ағаш колонналары сақталған (X-XVI ғ) Жұма мешіті, XIV ғасырдың туындысы болып саналатын Саид Алаудиннің мавзолейі, XVII-XVIII ғасырларға жататын діни оқу орындары-Араб Мұхаммедтің (1616), Шерғазы ханның (1719-1726) және соңғы ғасырларда салынған Пахлаван Махмуттың (1810-1835) мавзолейі мен медресесін, Аллақұл ханның керуен сарайын, Мұхаммед Аминханның (1851-1855) медреселері сияқты алпыстан астам архитектуралық ескерткіштерді атауға болады. ЮНЕСКО-ның есебіне енген Ичан-қала Хиуаның тарихи орталығы болып есептеледі.

Осы ескерткіштердің бәрі де кәзір «Ичан-қала»  аталған қорған бекіністің ішінде орналасқан. Бұл XVIII ғасырға дейінгі Хиуа қаласының территориясы, 650-400 метр көлеміндегі қорған. Қабырғаларының биіктігі 7-8 м, қалыңдығы 5-6 м болатын мықты бекініс. Осы қорған ішіндегі өзінің салыну ерекшелігімен келген-кеткенді таңқалдыратын ескерткіштің бірі Шерғазыхан медресесі. Біздің алыстан арнайы келген сапарымыздың басты мақсаты да осы медресеге келу болатын. Өйткені бұл медреседе Орта Азияға белгілі талай-талай белгілі ғұламалар, үлкен діни қайраткерлері оқыған, тәлім алған. Медресе құрылысы 1717 басталып 1726 жылы аяқталады. Медресенің салынуы туралы аңыздар желісіне ерік берсек «Сол уақытта тақта отырған Шерғазы хан (1714-1726) дүниенің түкпір-түкпірінен әкелінген  5000 құлға медресе құрылысы тезірек және сапалы бітсе бастарына еркіндік беретінін айтады. Алайда әлдебір себептермен құрылыс жұмысы созыла береді. Адам төзбес ауыр жұмыс пен жарытусыз тамақ, қит етсе жоныңды тіліп түсер қарауылдар қамшысы мен зорлығына құрылысшы құлдар шыдай алмайды. Мұның соңы олардың көтерілісіне алып келеді. Ашынған құлдар ханның басын алады».

Бұл медресе үлкен білім ордасы болған. Кезінде «Маскан-и-фазилон» (Ғұламалар үйі) атанған бұл жерден мұсылман әлеміне белгілі ғалымдар, ақындар оқып дәріс алған. Солардың бірі түрікмен ақыны Мақтымқұлы пырағы (1733-1783) және қарақалпақ ақыны Әжнияз Қосыбайоғлы (1824-1878) болатын. Мақтымқұлы түрікмен халқының басынан талай тар жол, тайғақ кешу өткен заманда өмір сүрген ұлы тұлға. Зерттеушілердің еңбектеріне қарағанда ақынның бүкіл ғұмыры елінің еркіндігі үшін күреспен өтіпті. Мақтымқұлы  1757 жылдан бастап осы медреседе дәріс алған. Ақынның әкесі Дәулетмәмбет молда Азадидың өзі түркі жұртына белгілі суфизм жолын ұстанған ақын. Оның «Азади уағызы» атты поэмасы болған. 1760 жылдың 21 наурызында әкесі дүние салғаннан кейін Мақтымқұлының еліне қайтып оралуына тура келеді. Алғаш білім алған, тәлім алған оқу орнын ол былайша жырлайды.

Үш жыл бойы таттым дәм мен тұзыңды,

Кетіп барам, қош бол, гөзел Ширғазы!

Көрдім сенің көктеміңді, күзіңді,

Кетіп барам, қош бол, гөзел Ширғазы!

 

Білер болдым, енді ақ пен қараны,

Досты, қасты, өтірік, шын, жаланы.

Кітап ашып дос қылдым мен  дананы,

Кетіп барам, қош бол, гөзел Ширғазы! (Мақтымқұлы. Аударған Д.Қанабаев, А. «Білім» б. 2000 ж).

Профессор Құрбан Аманниязовтың айтуы бойынша артынан ұлы ақын Кавказ, Ирак, Сирия, Ауған, Үнді сияқты көптеген елдерге сапар шегіп түркі тілдес халықтардың, мұсылман елдерінің тарихы мен мәдениетін жете түсініп, өз дәуірінің данагөй ақыны дәрежесіне көтеріледі. Ал 1863 жылы Орта Азияны аралаған венгер саяхатшысы Арминий Вамбери былый деп жазады. «...Мен Орта Азияны аралағанымда түрікмендердің Мақтымқұлын ерекше құрмет тұтатыным көрдім. Олар Мақтымқұлыға ақындықтың қонуы туралы маған мынандай аңыз айтты. Бір күні ат үстінде отырған Мақтымқұлы ұйықтап кетеді. Түсінде Мекке қаласын, халифтары қоршап отырған пайғамбарды көреді. Кенет Омар оны өзіне шақырады. Қасына келген Мақтымқұлына бата беріп, маңдайынан әлсіз ұрып жібереді. Мақтықұлы оянып кетеді. Міне, осыдан бастап небір асыл сөздер аузына құйылып келе беретін болған».(А.Вамбери.Путешествие по Средней Азии.М. Восточная литер. 2003.152 бет).

 Осы медресенің ішінде екі ақынға, терең ойшылдарға арналған көрме залы бар. Өмір жолдарынан деректер келтіріліп, кітаптары қойылған.

Бұл медресенің біздің жанымызға өте жақын болатыны да, жолымыз түссе ат басын арнайы бұратын себебіміз де бар. Өйткені осы білім ордасында Әбіш ағамызша айтсақ Әлсізге Медет, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Бекет атамыз да оқып, өзінің түркі жұртына әйгілі ұстазы, Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы болып есептелелетін Бақыржан Бабадан дәріс алған. Бақыржан Бабаның (Сеид Мұхаммед Бокир) көптеген шәкірттері қасиетті адамдар қатарына жатады. Үргеніш мемлекеттік университетінің тарих факультетінің деканы Мадамин Эшмұратовтың «Өзбек және қазақ халықтарының діни бірлестігі» атты еңбегінде екі ел арасындағы байланысты айта келіп, 1812 жылы шыққан Мұхаммед Мехригунның «Рисолаи Хилвати Суфихо» деген кітабына сілтеме жасайды. Ол кітап Өзбекстан Республикасының Шығыстану институтының қорында сақтаулы екен (Қор №7610). Сол кітапта «Бақырдан Бабаның шәкірті Бекет. Ол Маңғыстаудан. 1776 жылы Хиуа қаласында Шерғазыхан медресесінде Бақыржан Бабадан дәріс алған. Екі жылда құранды жатқа оқып қари атағына ие болады. Оны құрметтеп Бекет Бектұрды деп атаған» деп жазылған екен. Ал Бақыржан Баба өзінің «Тазкирайи Мұхаммед Бокир» атты кітабында ғұлама шәкіртін Бекет Ахмад деп те атаған (Ахмад-Алланың нұры түскен деген сөз). Бекетке 1788-90 жылдары ұстазы Бақыржан Баба Пір атағын береді. Содан кейін елге оралады.

Әрине Атамыздың одан кейінгі өмірі, көрегендік қасиеті, ұстаздық жолы туралы өзімізде бірнеше кітаптар шықты. Баспасөз беттерінде жүздеген еңбектер жарияланды. Атаның 260 жылдығына орай Ақтау қаласында «Бекет ата тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция да өтті. Оған дүниенің түкпір-түкпірінен үлкен діни ғұламалар қатысты. Сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыздар әлі де айтылады. Біз үшін ең маңыздысы Бекет атаның құдыретін дүниенің мойындай білуі, Хиуа сияқты қалада оқығандығы нақты деректермен анықталғандығы болатын.

Ал, бұл жолғы шежіреге толы, тарихы бай Хиуаға асыға жеткеніміздің орны тіпті бөлек десек те болады. Өйткені дәл осы қалада Шерғазы хан медресесінде Атамыздың өмір жолы туралы мағлұмат беретін мұражай бөлмесінің ашылуы болатын. Соған байланысты Атамыздың рухына бағышталға ас берілді. Осы хабарды естіген бойда арнайы шақыртуды күтпей-ақ жан-жақтан ағылған көптің қатарына біз де (облыстық мұражай директоры Т.Жұмалиева, қор меңгерушісі Р.Молбаева, реставратор С.Оразов және осы жолдардың авторы)  қосылған болатынбыз. Көптің қатарына қосылдық дегенмен өзгелерге қарағанда көңіліміздің күпті екені де шындық еді. Өйткені бұдан алты жыл бұрын сол Шерғазы хан медресесіндегі Мақтымқұлы мен Әжниязға арналған бөлмені көріп «Неге Бекет атаға арналған бөлме ашпасқа» деген ой келген-ді. Онымызды өзбек ағайындарға айтқан болатынбыз. Бірақ олардың бірден «ләббайға» салмайтыны белгілі. Ичан қала мұражайының тарих бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Худайбергенов Комилжанға өзіміздің ой-пікірімізді, Атаның өзбек ғалымдарының еңбектеріне арқау болып жүргенін де айтқанбыз.

-Мұражай қызметкері ретінде сіздердің ойларыңды қуаттаймын. Бірақ біздер мұражай қызметкеріміз. Қолымызда қаржы, болмаса үлкен билік жоқ. Оның үстіне бұрынғыдай бір одақта емес, кәзір екі мемлекетпіз. Мұндай негізгі мәселені жоғарылардың екі жақты келісімі шешеді ғой,-деген.

Араға біраз жыл түсіп те үлгерді. Кезінде болашақ мұражай туралы екі жақты байланыс болғанымен оның тек қағаз жүзінде қалғаны да шындық еді.

Бірақ міне, араға алты жыл салып Атаға арналған мұражай бөлмесі ашылды. Ол тек қана бір адамның, Қырлыбек Өтетілеуовтың тынымсыз еңбегі, осы жылдар бойы екі ортаға шапқылап бірнеше рет барып, бетіңе күліп қарағанмен іштей бір бармағын бүгіп тұратын, өз есебіне мықты өзбектермен тіл табыса білгендігінің жемісі екені даусыз. Бұл жерде «Ине өткен жерден жіптің де өтетіндігін», бір баспалдақтан екіншісіне көтерілу үшін де, кез-келгенге ашыла бермес есіктен әрі аттау үшін де сылдыр сөзден көрі, алдымен сый-сияпаттың жүргені де шындық шығар. Кәзіргі кезде жүрер жолыңды көрсетіп, екі ортаға дәнекер болған адам ақысын сұраса еңбегін бұлдады деп жазғыра алмайсың. Күн сайынғы көзіміз көріп жүрген шындық осы. Ал өз жеріңнен тысқары, сонау ықылым заманнан тиынның сыңғырынан оның салмағын айтқызбай-ақ білетін ала тақиялы ағайындар ортасында солай болуы заңды құбылыс. Күллі халықтың бәріне күйе жағудан аулақпыз, Қырлыбектің бұл ісіне биік адамгершілік, үлкен парасаттылықпен қарап қол ұшын берген, бір кездері Қарақалпақ республикасының тізгінін ұстаған, кәзір зейнеткер Камалов сияқты ақсақалдардың ықпалы да болған шығар. Бірақ астыңнан тақ, қолыңнан билік кетсе болды баяғы дуалы сөзіңнің желге ұшпаса да жеңіл тартатыны тағы шындық. Бәлкім бұл жерде Бекет ата туралы деректердің кейінгі ұрпақ үшін керек екенін терең сезінген Комилжан Худайбергенов сияқты ғалымдардың еңбегі де болған шығар. 

Бұл жерде айтатынымыз шағын ғана мұражай бөлмесін ашу үшін алты жыл бойы тер төккен азаматтың еңбегін адами тұрғыда мойындау болатын. Мұражайға керекті деректерді жинақтап оны қазақ, өзбек, ағылшын тілінде жаздыртуда, қыл қалам шеберлерінің Бекет ата, Маңғыстау туралы картиналарын жинауда, Атаның Аса таяғының көшірмесін жасатуда, келушілерге Ата туралы кең көлемде мағлұмат беретін кассалық аппаратты алуға, ең соңы Шымбай шеберлерінің қолынан шыққан, Маңғыстаудың көрерге көз керек алты қанат ақ ордасын барлық жасауымен медресе ауласына тігуге аз қаражат кетпегенін көрдік. Көрдік те бұл екінің бірінің қолынан келмейтінін, бұл жұмысты өзімнің Ата алдындағы ұрпақтық парызым деп түсінген азаматтың ісі деп сезіндік. Бәлкім осы жұмыстардың барлығын бір адам істеді дегенге кейбіреулер сенімсіздік танытатын шығар. Бірақ шындығы осы. Біз пендешілікке салынып қанша еңбегі кеткенін сұраған да жоқпыз, оны қажетсінбедік те. Ең бастысы алты жыл бойы төгілген тердің босқа кетпегендігі, алдына қойған мақсаттың жол ортада тоқтап қалмай межелі жерге жеткені еді. Мұражай ашу туралы алғашқы ой-пікірімізді білдірушілердің қатарында болғанымызға байланысты біздің де бойымызды мақтаныш сезімінің кернегені де шындық.

Әрине ас-мерекелерде біздің қазақтың сый-сияпатсыз жүрмейтіні белгілі. Жан-жақтан келген ағайындар Атаға деп арнап әкелгендерін тапсырды. Облыстық мұражайдың директоры Тамара Қалмырзақызы Дубай қаласында арнайы тапсырмамен жібекке тоқылған Бекет атаның  картинасын сыйға тартып, Шерхазыхан мұражай қызметкерлерінің Ата туралы, Маңғыстау туралы өздерін толғандырған сұрақтарына жауап беріп жатты.

Медресенің ішкі кең ауласында 500 адамға арналған үлкен асқа дайындық жұмыстарымен бірі палауын пісіріп, бірі пиязын тазалып зыр жүгірген өзбектер. Асқа дейін әр жерде ағаштың көлеңкесінде отырғандар өзбектің көк шәйі мен жеміс-жидегінен дәм тата отырып әңгімеге кіріскен. Хорезм облыстық, Хиуа қалалық телевидениесінен, газеттерден келген тілшілер осы сәтті пайдаланып қалу үшін сұхбаттар алу үстінде. Бұған дейін өзбек ағайындардың ас-тойында болып көргеніміз жоқ. Бірақ ел жиналған осындай аста олардың қарап отырмайтыны белгілі. Айтқандай-ақ көп ұзамай жаныңа жағымды әуен естілді. Бойыңа шым-шымдап тарап өзіне баурап барады. Өлең айтушының сөзіне түсінбегенмен онда жаныңды тебірентер бір мұң бар сияқты. Қасымдағы өзбектен сұрап білгенімде бұл «Мұхаммед Перуз ханның жыры» деп аталады екен.

Осы жырға қосыла кенет ауланың бір бұрышынан біреу медет Жылкелдінің әніне басты.

...Маңғыстау ойың шұқыр, қырың биік,

Қалайша кете алармын көзім қиып...

Күріш Тасболатов, Ізбасар Шыртанов ағаларымыздан, олардан басқа да талай әншілерден естіген ән еді ғой бұл. Сонау Қаразымның ойындағы Хиуа шаһарында естілген бұл ән туған елге деген сағынышты оятып, ата-бабаңның жамбасы тиген қасиетті топырақтың қадірін ұғындырғандай көңіл шіркін толқи бастады.

Мүмкін дәл осы жерде отырып Бекет атада Маңғыстаудың арым-арым құмдары мен ақар-шақар шыңдарын көз алдына елестеткен болар.

Мүмкін жүрегінің бір түкпірінде қоламтадай қоздап жатқан сағынышқа ерік беріп, туған жерге оралар кезді асыға күткен де болар.

Бәлкім сол кездің өзінде алдын болжай білетін көреген Бабамыз екі ғасырдан кейін ұрпақтары келіп өз рухына бас иетінін білген де болар.

Самарқан қаласындағы жерленген аталары Асар Берниязұлының басына барып келген, әнді тыңдап тұрған елімізге белгілі әнші қарындасымыз Тамара Асар көз жасына ерік беріп:

-Жалғыз біз емес, Атаның рухы да тебіреніп жатқан шығар,-деп күбірлейді.

Мен үнсіз ғана басымды изеймін. Бекет Ата өмірден өткелі қаншама жылдар өтседе оның рухының біздерді жебеп, қиын кезеңде қолтығымыздан демеп жүргені аян ғой. Оның мәңгілік тыныс тапқан Маңғыстауынан бірнеше жүздеген шақырым қашықта болсақта, дәл осы медресе ішінде әлдебір құдырет қолтығымыздан көтермелеп жүргендей әсерде боласың. Расул Гамзатовтың «Ауадағы әрбір тозаңда бабалардың рухы жүреді» дегені бар еді. Ендеше сол рухтың қай кезде де қасыңнан табылары хақ.

Бекет атаға арналған мұражай бөлмесі Ұлы Тұлға туралы жан-жақты, кең көлемде мағлұмат береді деп айта алмаймыз. Көңіл қуантар жағы да, «әлі де осылай болса» деген ойға жетелейтін тұстары да бар сияқты. Бұл мұражайға келген көрерменге, әсіресе маңғыстаулықтарға алғашында оралатын ойлардың бірі. Оның әртүрлі себептері бар. Біріншіден қаладағы әрбір нысан мемлекет қорғауында, кез-келген жеріне өзгеріс енгізуге рұқсат етілмейді. Екіншіден сондағы мұражай қызметкерлеріне Бекет ата, Маңғыстау өлкесі тың тақырып. Үшіншіден Ата туралы кітаптардың қазақ тілінде жазылғандығына байланысты олар үшін бағыт-бағдардың аздығы. Осылардың бәрін есепке алсақ кәзіргі жасалған іске оң баға беруге болады. Елге оралғаннан кейін облыстық мұражайдың директоры Т.Жұмалиева Шерғазыхан медресесіндегі әріптестерімен хабарласып, алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстар жөнінде өз ойларын ұсынды. Екі жақты келісім, ортақ пікірдің жемісті болары анық.

Дәл осы Шерғазыхан медресесінің алдында Пахлаван Махмутқа арналған мавзолей  бар. Пахлаван Махмуд (1227-1326) белгілі ақын, философ, тәуелсіздік жолындағы күрескер болыпты. Ол сонымен қатар тері өңдеудің, одан әртүрлі бұйым жасаудың шебері екен. Оның терең ойлылығы тек Хиуа ғана емес, Иран мен Индияға да жайылған көрінеді. Бекет ата оқыған медресені кезінде Шерғазыхан Махмуд Пахлаванның жеріне бағыттап салдырған көрінеді.

Хиуадағы барлық ескерткіштер туралы кең көлемде айтып өту мүмкін емес. Сондықтан біздің өлкемізге қатысы бар, Маңғыстау топырағына табаны тиген кейбір тұлғаларға тоқталып өтуді ғана жөн санадық. Мұхаммед Рахим хан-1 (1806-1825) Пахлаван Махмудқа арналған мавзолейді алғаш рет 1810 жылы салдырған. Мүмкін ұлы ақын, философты құрмет тұтқан хан түбінде өзінің де осы күмбез астында жатуы үшін бар байлығын аямай, қолындағы билігін толықтай пайдаланған сияқты. Қақ төрде биік тұғыр үстінде өзі жатыр. Одан төменде сол жақты кішкене ғана екі құлпытас. Қасына бармасаң көзге түспейді десе де болады. Сұрастырып білгенімізде таңданысымызды жасырмадық. Бұл жатқандар әйгілі Әбілғазы мен оның баласы Ануша хан екен.

Тарихта ұлы реформатор, билеуші, ғалым ретінде атағы шыққан Әбілғазы. Таққа отыру жолында талай қуғын сүргінді басынан кешкен Әбілғазы осы. Бірақ өле өлгенше тақты жағаламай өмірде көрген түйгенін, білгенін жазып қалдыру мақсатында тақ билігін баласы Анушаға да берген осы Әбілғазы. Күні бүгінге дейін дүниенің көптеген ғалымдарының сілтеме жасап, басшылыққа алатын атақты «Түрік шежіресін» жазған да кәзір бір уыс болып жатқан осы Әбілғазы болатын.

Әбілғазы 1603-1664 жылдар аралығында өмір сүріп, 1645-1663 жылдарда Хиуа ханы болды. Хорезм хандығының астанасы Үргеніште Жошы ұрпағынан тарайтын Арабмұхамбет ханның отбасында дүниеге келген. Шешесі Меһірбану да Шыңғыс хан әулетінен шыққан, Арал теңізі маңындағы қазақ руларының ханы Жанғазы сұлтанның қызы.   Әкесі Арабмұхамбет Хорезм ханы болған.  16 жасқа келгенде Әбілғазыны үйлендіріп Үргеніштің жарты бөлігін билеткен. Алайда әкесінің қартайған шағында балалары арасында билікке талас басталады. 17 жастан бастап бұған Әбілғазы да араласты. Оның аяғы ағайындар арасында болған қарулы қақтығысқа әкеліп соғады. Сондай соғыстың бірінде 1621 жылы Әбілғазы жараланып Әмударияны жалғыз жүзіп өтіп Маңғыстаудағы түрікпендерді паналайды. Алайда 1628 жылы ағаларының қолына тұтқынға түсіп Иранға жер аударылады. 1638 одан қашып шығып түрікмен рулары арасында жасырынып жүрген.

Ол өзінің «Түрік шежіресі» атты кітабында «...Ол уақытта Маңғыстау түрікмендері де бұзылған екен. Жүз үй қалып оларда қалмаққа бағынышты болыпты. Қалмақтың патшасы менің келгенімді естіп, жақсы кісілерін жіберіп мені алып барды да, бір жыл сақтап Үргеніште отырған өз халқымыздың ішіне жіберді» деп жазады. (Әбілғазы. «Түрік шежіресі» 194 бет).

Әбілғазы 1645 жылы Хиуаға хан болып, 1663 жылы билікті баласы Ануша Мұхаммедке беріп, шығармашылық жұмысқа кіріседі. Мынау сол жатқан Әбілғазы. Өмірдің талай тауқыметін де көрді, дегені болып хандық таққа да отырды. Сол Әбілғазыға жерден биіктігі 44 см, ұзындығы 1,5 метрдей құлпытас қойылған. Ия, «барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау» демекші өмірден өткен кім-кімнің де барар жері, мәңгілік тыныш табатын жері осы. Абырой атағың да, аспанға түкіріп дегеніңді жасатқан хандығың да енді ел аузында айтылар аңыз болып қала береді.

Келесі бөлмеде жатқан Аллақұл хан. Маңғыстауды уысынан шығарғысы келмей қайта-қайта шапқыншыларын жіберіп, барымталап малын, зорлықпен дүниесін алып талай сұлу, талай боздақты қосақтап жіпке тізіп әкеткен де осы. Маңғыстауда салынып жатқан орыс бекіністерінің түбінде осы бір құт мекенді тартып аларын біліп, тордағы арыстандай арпалысқан да осы Аллақұл.

Бозашыдағы Сүйінғара аулын шауып, оған місе тұтпай түрікмен, қазақ ауылдарын қоса барымталап, қанға боятқанда осы Аллақұл болатын. Қапияда қол салған дұшпанның соңынан аздығына қарамай қуып, елі үшін арпалысқан ерлердің Үстірт үстіндегі «Кіші қырғын», «Ұлы қырғында» мәңгілік көз жұмуына себепші болған да осы Аллақұл. Масайрап бара жатқан дұшпанның соңынан келіп, арпалысқан Құлбарақ сынды асыл ердің басының шабылуына да себепші болған осы Аллақұл болатын. Не керек, осының бәрін ойымнан өткізіп, бұл өмірде дым болмағандай тым-тырыс жатқан Аллақұлдың басында тұрмын. Билеуші біткеннің тойымсыздығы, ол үшін қара халықтың тағдырының ойыншық құрлы болмайтындығы, бір кезде өзінің де қара жердің қойнына баратындығын тірі кезінде ойламайтын әпербақандықтың да жолының таусылып, керуен көшінің тоқтайтын жері осы екен.

Елді шауып, қапталына Сүйінғараның басын өңгергеніне мәртебесі өсіп келген қолбасы Мәмбетнияз хан отырған ақ ордаға ентелей кірді. Жорыққа аттанар алдында Аллақұлдың «Болса өзін, болмаса басын басын шауып әкел» тапсырмасы бар. Хан тарапынан көрсетілер зор сияпатты күтіп шабылған басты хан иесінің алдына домалата салды.

Сонда өзіне күле қарап жатқан жансыз басқа көзі түскен Аллақұл:

-Жоқ, бұл Сүйінғара емес, бірақ тегін адамның да басы емес. Кім болса да елінің қорғаны болған, намысын таптатпайтын адам екен. Құрметтеп Пахлаван Махмудтың қойымшылығына жерлең,-деп тапсырма беріпті. Қанша дегенмен хан емес пе, бұл жерде Аллақұл ханға лайық шешімін айтты.

Мавзолейдің сыртындағы беті ашық қоршаудың ішінде екі адам қатар жерленген. Соның бірі Құлбарақтың басы көрінеді. Денесінің Тигенде жатқаны белгілі. Осындағы мұражай қызметкерлері қасындағысы туралы дерек айта алмады. Бәлкім ол да тұтқында болып ажалы сол жерден бұйырған бір қандасымыз болар, кім білсін. Басында отырмыз. Ойыма Светқали Нұржанның:

Аршылан құсап ақырар едім,

Биікке талай ту қадап.

Басымды кесті қапыда менің,

Өтпейтін қылыш қидалап.

...Байтақ даламда молалар орман,

Ерлерді жұтқан ізгі ойлы.

Басымды сонау далада қалған,

Рухы тәннің іздейді...деген өлеңі түседі. Қапыда мерт болғанына өкінген батырдың үні Тигендегі денесі жатқан зираттан ғана емес, мына жерден де естілетін сияқты. 

Ия, ақын дұрыс айтады. Еліміз ауыз бірлікте болса батырдың Алтын басын жауға берер ме еді? Қолымыздан келгені батырға арнап құран оқып, бір уыс топырағымызды салу ғана болды.

Екі күннен кейін біз Хиуа қаласынан аттанып кеттік. Мұражай жұмысына байланысты әлі де баратын жерлеріміз бар еді. Бағытымыз Нөкіс, Хожелі, Шымбай қалалары. Нөкіс қаласынан көп қашық емес Бестөбеде Қосай атамыз, Хожелі қаласындағы Жүсіп ишан әулиесінде Маңғыстаудың ірі тұлғаларының бірі Шайхы ахун Кендірбайұлы мәңгілік тыныс тапқан. Шайхы ахун белгілі ғалым Оразмағанбетпен, Ержан хазіретпен замандас адам.Үшеуі де XIX ғасырдың аяғында Самарқан, Бұқарадан қатар білім алған.  Қай-қайсысы да биік адамгершілігімен, ислам ілімінің айнымас тұлғасы ретінде халық жүрегінде сақталған адамдар. Үшеуі де жаңа орнаған кеңес өкіметінің қудалауына түсті. Оразмағанбет сол бір ауыр кезеңнің, репрессияның құрбаны болса, Шайхы ахун мен Ержан хазіретке темір тордың ащы дәмін бір емес, бірнеше татуға тура келді. Белгілі тұлғалардың жатқан жеріне ат басын арнайы бұрып дұға оқып кету әріден, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан жол. Біз де сол сүрлеумен жүріп, перзенттік борышымызды өтедік.

Маңғыстау тұрғындары киіз үйдің сүйегін ерте кезден бастап Шымбай қаласынан алдыртады. Бұл жерде оны жасаудың қалыптасқан орталығы бар. Атадан балаға жалғасып келе жатқан өнер. Киіз үйдің сүйегін жасауға арналған қаратал, жөнеуіт дейтін ағаштар да осы жерде өседі. Өсіп тұрған талды кесіп әкеліп кептіруден бастап, тапсырыс берушілерге дайын өнімді жіберуге дейінгі жұмыстардың бәрі де қолмен жасалады. Құрал-саймандары да, кезекпен орындалатын жұмыс процестері де сол бұрынғы шеберлерден қалған ізбен келеді. Бірақ көз алдыңдағы дайын өнімді көргенде таңданбасыңа тағы болмайды. Ағаштан түйін түйген шеберлердің асыл туындысына еріксіз басыңды иесің. 

Міне, осылай біздің Өзбекстан жеріндегі сапарымыз аяқталды. Көргенімізді көңілге түйіп қайттық. Ерте кезден аралас-құралас болып келген өзбектер мен қарақалпақтардан үйренеріміз де көп сияқты. Болашақта бірлесіп атқарар жұмыстар да жетерлік. Алға қойған мақсаттарымыздың орындалуы  уақыт еншісінде екені белгілі.


Автор: Отыншы Көшбайұлы өлкетанушы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Жарияланған күні: 04-07-2014  : 16:19  
Оқылған саны: 3461



Жәдігерлеріміз жаһанға жетті

Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында халқымыздың домбырада орындалатын дәстүрлі күйі мен киіз үйі ЮНЕСКО-ның бүкіладамзаттық мәдени құндылықтар тізіміне еніп, жан жадыратар жақсы жаңалыққа барша қазақ баласы шын ниеттен қуанулы. Әдетте, ЮНЕСКО бір жылда бір ғана рухани қазынаны өзінің тізіміне енгізуге құқылы десек, бұл дәстүрді қазақтың қос бірдей асыл мұрасы текке бұзып кетіп отырған жоқ. Өйткені, мұндай адамзат баласы арманынан асып туған алып арналар некен-саяқ. Әлем жұртшылығын мойындатқан сондай жалқы жауһарлардың қазақ даласында баршаға баяндалмай, атағын жая да алмай жатқаны қаншама. Осы жұмыстың басы-қасында көз ілмей жүріп, көп іс тындырған мамандар, ғалымдар  мұны әлі алдағы атқарылар шаруалардың бастамасы деп есептейді. Қазақстан тарапынан халықаралық ұйымға ұсынылған өтініштердің қабыл алынғаны,  қос бірдей ұлттық дүниенің материалдық емес құндылықтар тізіміне енгізілгені жайында жүрекжарды лебіз жетіп, мәдениет пен өнер өкілдері арқа-жарқа күй кешіп жатқан тұста сол қуаныштарымен бөлісу үшін «Егеменнің» тілшілері  жоба авторлары – Қазақ ұлттық Өнер университетінің профессоры, музыкатанушы Сайда ЕЛЕМАНОВА мен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Тамара ЖҰМАЛИЕВАҒА жолығып, әңгімеге тартқан еді. Төменде біз олардың осы бастамадағы жетістіктері мен алдағы жұмыстары туралы ой-толғауларын жариялап отырмыз. 


: Егемен Қазақстан газеті. 29.11.2014ж.
Жарияланған күні: 02-12-2014  : 19:12  
Оқылған саны: 1464

Аталар жүрген соқпақпен (Cапарнама жазбалары)

iconiconiconiconicon

Хиуа — Өзбекстан Республикасындағы қала. Әмудария өзенінің сол жағалауында, теңіз деңгейінен 91 м. биіктікте, Үргеніш темір жолы станциясынан оңтүстік-батысқа қарай 30 км. жерде орналасқан. 

Автор: Отыншы Көшбайұлы өлкетанушы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Жарияланған күні: 04-07-2014  : 16:19  
Оқылған саны: 3461

Маңғыстауда наурыз мерекесінің тойлануы

        Міне, жер бетіндегі тіршілік атаулының асыға күткен күні-наурызда келіп жетті. Жер-ана бусанды, тұла бойына нәр берер жылылықты сезген өсімдік атаулы бүршігін жарып көгере бастады. Күн ызғары да әне, бірте-бірте шегініп төбе асып барады. Жан-жануарлар күнгей беттегі шуақтың қызуынан бөртіп, қылтиып көрінген көкті қуалап тыным таппайды. Шаруа баққан қазақ көп ұзамай малының алды төлдеп, аузының аққа тиетінін ойлап «бұрынғы шалдар «үт-қарын айы, наурыз желін айы» деп отырушы еді, жаратқан жақсылығыңды төге көр» деп жан-жағына мейірлене көз тігеді. Таяғына сүйеніп есік алдына шыққан кейуана «Е, Алла, бергеніңе шүкір. «Өлмеген жанға келді жаз» дегендей сүйретіліп жүріп бұл күнге де жеттік. Жарықтық амалға да санаулы күн қалыпты-ау. Бұл үлкен мереке ғой қарағым. Ойхой, дүние-ай, баяғыда жас кезімізде қызылды-жасыл киініп, таң атпай тұрып әр төбенің астында отырған ауыл-ауылды аралап қыдыратынбыз. Алдымен жасы келген үлкендердің табалдырығын аттап  батасын алуға ұмтылушы едік. Ол да бір дәурен екен ғой»,-деп қасында отырған немересіне өтіп кеткен күндерге деген сағыныш сөзін бастап, маңғыстаулықтардың наурыз мерекесін тойлауы жөнінде көрген, естігендерін айтатын-ды.

 

Автор: Отыншы Көшбайұлы өлкетанушы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Жарияланған күні: 14-03-2014  : 20:29  
Оқылған саны: 3014

Соғыстағы ақын

icon

Маңғыстау облыстық мұражайының қорындағы қолжазбаларға қарап отырып әр түрлі тағдырға, әр түрлі тарихқа кезігесің. Соның ішінде адамды қызықтыратыны Ұлы Отан соғысы кезіндегі қолжазбалар. Бір жауынгер қан майданды кешіп жүріп күнделік  жазса, бірі  жыр жазып, өлең шығарды.  


: Кетеева Жадыра Жақсылыққызы – облыстық мұражайдың бас қор сақтаушысы.
Жарияланған күні: 10-01-2014  : 15:22  
Оқылған саны: 1902

Сол күндерден сыр шертетін жәдігерлер

iconiconicon

Кеңес Одағының фашизмді ұясында тұншықтырып, елімізге тыныштық силағанына 65 жыл толғалы отыр. Бұл күнді қазіргі ұрпақ тек қана Ұлы Жеңіс  күні деп тойлайды. Ылайым тек аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! Бірақ сол майданда төгілген қан, тылдағы жетім- жесірдің көрген қияметі қазірде еске түссе денең түршігеді. Бұл қасиетті мейрам қарсаңында, сол соғысқа қатысқан ата-әжелеріме мың тағзым! Олар Отанын жаудан қорғап, туған жердің қарыс- сүйемін дұшпанға бермеймін деп қасық қаны қалғанша кеудесіне оққа тосқан жандар. Олардың барлығына бірдей Кеңес Одағының батыры атағы берілмесе де, олар біздер – Тәуелсіз елдің перзенттері үшін Батырлар.  


: Кетеева Жадыра Жақсылыққызы – облыстық мұражайдың бас қор сақтаушысы
Жарияланған күні: 10-01-2014  : 15:15  
Оқылған саны: 4916


Музейдің жұмыс кестесі:

Сейсенбі – Жұма 9.00 - 18.00
Сенбі 10.00 - 17.00
үзіліс: 12.30 - 14.00

 


Музей сандармен

  • Қазіргі таңда музейдің қорында
    58 227
    жәдігер
  • Музейдің негізгі қорында
    39 094
    жәдігер
  • Музейдің көмекші қорында
    19 018
    жәдігер
  • Адамдардың келуі, жылына орта есеппен
    52 000
    адам
  • Жыл бойы мұзейде өтетін саяхаттар саны
    1 300
    саяхат



 

Вы можете приобрести билеты онлайн




 

 

Виртуальный тур по экспозицонным залам нашего музея




Кейбір
экспонаттар


  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.
  • Өлкеміздің өте ерте ғасырлардан қалған геологиялық суреттемелер, табылған пайдалы қазбалар, ерекше фауна және флора коллекциялары, археологиялық артефактар, этнографиялық бұйымдар музей қорында сақталып, экспозициясында көрмеленген.

2013. Сайттардың AWARD.kz Ұлттық интернет-жүлдесі
"Мәдениет және өнер" номинациясында 2 орын,
"Қазақ тіліндегі үздік сайт" номинациясында 3 орын

2013. Аймақтық Grant.kz үздік сайттар интернет-жүлдесі
"Мәдениет және өнер" номинациясында Маңғыстаудың үздік сайты